Opening Hours Пн-Пт - 09.00 до 19:00
Телефон доверия +7 (72533) 4-21-52
Email Us revkom_uko@mail.ru

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттар

Түркістан облысы бойынша

                                                                                                    тексеру комиссиясы төрағасының

                                                                                                    2019 жылғы «___» ____________

                                                                                                    №____ бұйрығымен бекітілген

 

 

«Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

 

Осы сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 10-бабына сәйкес әзірленіп, «Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі – Тексеру комиссиясы) қызметінде тыйым салу, шектеулер мен рұқсаттар жүйесі болып саналады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың мақсаты сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол бермеу, Тексеру комиссиясының қызметінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне құқықтық сауаттылықты және төзбеушілікті арттыру болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарттың міндеттері:

  • Тексеру комиссиясы қызметшілерінің олардың өз құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруы кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы орнықты мінез-құлқын және жауаптылығын қалыптастыру;
  • сыбайлас жемқорлық көріністерін уақтылы анықтау және олардың теріс салдарын болдырмау;
  • Тексеру комиссиясы қызметінің тиімділігін арттыру.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты қолдану және орындау:

1) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт Тексеру комиссиясының қызметінде функцияларды жүзеге асыру мен жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыру кезінде қолданылады;

2) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты Тексеру комиссиясының барлық қызметшілері орындауға міндетті.

3) сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты қолдану мен орындау үшін Тексеру комиссиясы қызметшілері дербес жауапты болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт белгіленген қағидаларды мүлтіксіз сақтауға және сыбайлас жемқорлық көріністерін болдырмауға бағытталған Тексеру комиссиясы қызметшілерінің әрекеттерін және шешімдерін айқындайды.

  1. Қоғамдық қатынастар саласының атауы: Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау.
  2. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартты әзірлеуші: «Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясы» мемлекеттік мекемесі.
  3. Сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау саласында жұмыс істейтін адамдардың мінез-құлық (әрекет) қағидаттары:

3.1. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт қозғайтын салада жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін  іске асыру кезінде

Тексеру комиссиясының қызметкерлеріне:

1) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетілетiн қызметтерін жеке мақсаттарында пайдалануға;

2) Тексеру комиссиясында үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға;

3) кәсіпкерлік және кіріс алумен байланысты өзге де қызметті жүзеге асыруда кімге болмасын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген кез келген жәрдем көрсетуге;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және заңды тұлғаларға ұсынылуы көзделген ақпаратты беруден негізсіз бас тартуға не оны кешіктіріп беруге, анық емес немесе толық емес ақпарат беруге;

5) Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және заңды тұлғалардың ұсынуы көзделмеген ақпаратты олардан талап етуге;

6) жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасауға;

7) өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздеріне тәуелді мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан жалпы қамқорлығы немесе қызмет бабында бетімен кетушілік үшін сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауға;

8) жеке сипаттағы мәселелерді шешу кезінде мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, мемлекеттік қызметшілер мен өзге де адамдардың қызметіне ықпал ету үшін өзінің қызметтік жағдайын пайдалануға тыйым салынады.

Мемлекеттік қызметші:

  • азаматтық және кәсіби борышына адал болуға;
  • өзіне тиесілі құқықтарды жүзеге асыру кезінде адал, парасатты, әділ бола отырып, жалпыға бiрдей қабылданған моральдық нормалар мен қағидаттарды сақтауға;
  • мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына қатаң сәйкестікте жүргізуге;
  • пікір алысу мен тұжырым жасауда дербестік пен объективтілік танытуға, өз мүдделерінің немесе басқа да адамдардың мүдделерінің ықпалына ұшырамауға; әділетсіздікке, моральдық, адамгершілік және құқықтық нормалардың бұзылуына келіспеушілік танытуға;
  • мемлекеттік меншіктің сақталуына және мемлекеттің экономикалық мүдделерінің қорғалуына өзінің жеке жауаптылығын сезінуге;
  • мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектісінің (бұдан әрі – мемлекеттік аудит объектісі) лауазымды адамдарына әдептілікпен, қарапайымдылықпен, құрметпен астасатын талапшылдық пен табандылық танытуға;
  • мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамдарынан қажетті құжаттарды ұсынуларын сыпайы және әдепті түрде талап етуге;

8) мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамдарының атына орынсыз әрекеттен, ауыр сөз айтудан, мемлекеттік аудит объектісінің қызметі туралы біржақты пікірлер мен пайымдаулар білдіруден бойын аулақ ұстауға;

9) туындаған мәселелерді мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамдарымен талқылау кезінде өзінің көзқарасын тиісті нормативтік құқықтық және құқықтық актілердің нақты нормаларына міндетті түрде сілтеме жасай отырып, кеңпейілділікпен, дәлелді және айқын түрде қорғауға;

10) мемлекеттік аудит жүргізу кезінде мемлекеттік аудит объектісінің лауазымды адамдарынан ресми емес кездесулерден, орынсыз көңіл бөлу шараларынан, жұмыс орнында ысырапшылдықтан, сыйлық немесе тарту алудан, сондай-ақ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау барысында ұсынылатын қызметтерден бойын аулақ ұстауға;

11) мемлекеттік аудит объектісі лауазымды адамдарымен мемлекеттік аудит нәтижелерінің объективтілігіне әсерін тигізуі мүмкін өзара қарым-қатынастан аулақ болу не қысым көрсетуге жол берілмейтінін білдіре отырып, өзара қарым-қатынасты дереу тоқтатуға;

12) қызметтік тәртіпті бұлжытпай сақтауға, өзінің қызметтік міндеттерін адал, бейтарап және сапалы атқаруға, жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалануға;

13) құжаттардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуге, жоғалту, бұрмалау (жалғандық), орындамау және сол құжатты қайта орындау, орындалмай негізсіз қайтарылу мүмкіндіктерін болдырмауға;

14) басшылардың тапсырмаларын орындау барысында объективті және шынайы мәліметтер беруге;

15) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік аудит объектісінің басшысына (лауазымды адамдарына) қатысуға кедергі келтірмеуге, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау мәніне жататын мәселелер бойынша түсіндірме беруге міндетті.

3.2. Өз құзыреті шеңберінде басқарушылық және өзге де шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде тексеру комиссиясының қызметкерлеріне:

1) заңды және жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсетуге;

2) лауазымдық өкілеттіктерін орындауға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен нұсқауларды беруге;

3) өзінің лауазымдық өкілеттіліктерін жеке өзiнің не жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерін қанағаттандырумен байланысты мәселелерді шешу кезінде пайдалануға;

4) мемлекеттік қызметке кіру және мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету кезінде заңда көзделмеген артықшылықтар беруге (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық);

5) мүдделер қақтығысына жол беруге тыйым салынады.

3.3. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын дайындау кезінде олардың Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі «Құқықтық актілер туралы» Заңының талаптарына қатаң сәйкестігі қамтамасыз етіледі; әзірленетін жобалар:

1) заңда белгіленген құқықтар мен бостандықтарына қысым жасамауға;

2) заңды тұлғалардың заңды мүдделерін бұзбауға;

3) жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актілерге қайшы келмеуге;

4) Тексеру комиссиясы құзыретінің шегінен шықпауға тиіс.

3.4. Өзге өзара қарым-қатынаста Тексеру комиссиясының қызметкерлері:

1) Қазақстан халқының бірлігі мен елдегі ұлтаралық келісімді нығайтуға ықпал етуге, мемлекеттік және басқа тілдерге, Қазақстан халқының салт-дәстүрлеріне құрметпен қарауға;

2) адал, әділ, қарапайым болуға, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға, азаматтармен және әріптестерімен қарым-қатынаста сыпайылық пен әдептілік танытуға;

3) өздері қабылдайтын шешімдердің заңдылығы мен әділдігін қамтамасыз етуге;

4) мемлекет мүддесіне нұқсан келтіретін, Тексеру комиссиясының және өзге де мемлекеттік органдардың жұмыс істеу тиімділігіне кедергі жасайтын немесе тиімділігін төмендететін іс-әрекеттерге қарсы тұруға;

5) қызметтік міндеттерін тиімді атқару үшін өзінің кәсіби деңгейі мен біліктілігін арттыруға, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулер мен тыйымдарды сақтауға;

6) өзінің іс-әрекетімен және мінез-құлқымен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауға, сынағаны үшін қудалауға жол бермеуге, орынды сынды кемшіліктерді жою мен өзінің қызметін жақсарту үшін пайдалануға;

7) жасағаны үшін заңнамада тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық көзделген құқық бұзушылықтар мен теріс қылықтарды жасауға жол бермеуге;

8) басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан қызметтік әдеп нормаларын бұзудың жолын кесуге немесе оларды болдырмау жөнінде өзге шаралар қабылдауға;

9) ұжымда әріптестерінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуға;

10) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының жағдайлары туралы Тексеру комиссиясының басшылығына және (немесе) құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға;

11) мемлекеттік аудит объектісінде бұзушылықтардың алдын алу, оны анықтау және оның жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға міндетті.

  1. 4. Өзге шектеулер мен тыйым салулар:

Тексеру комиссиясының қызметкерлеріне:

  • шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратуға;
  • өзiнiң қызметтiк жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етуге арналған құралдарды, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;
  • Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің (Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары) және Мемлекеттік аудиторлардың кәсіби әдеп қағидаларының талаптарын бұзуға тыйым салынады.

 

 

Scroll Up